CaspianLife, 20 қазан — Құрылғанына бес жыл болған SAF театры түрлі спектакльмен көрермендерді қуантып келеді. Талантты студенттерден құралған ұжымның репертуары тағы бір шығармамен толықты. Жас актерлер жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесін сахналады.
Жазушы «Оң қол» шығармасында адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, іштегі дерттің адамзат ойлағаннан да қауіпті екеніне назар аудартуға тырысқан. Басты кейіпкер Алма белгісіз кеселге шалдыққан. 17 жастағы қыз қалың ұйқыға кеткен кезде оң қолы иесін қылғындырып, өлтірмек болады. Алманың өмірі үшін оң қол мен сол қолдың арасында күрес жүреді.
Дәрігер Алманың дерті оның санасында ғана емес, жан дүниесіне де тамыр жайғанын байқайды. Ол науқастың қасында күні-түні жүріп, өзінің оған қалай ғашық болғанын білмей қалады. Драмадан романтикаға ауысқан осы сәт ешкімді бей-жай қалдырмады.
«Ғаріпті аясаңыз, ақыл-естен айрылғандарды аяңыз». Басынан өткен оқиғаны баяндаған дәрігер шығармадағы ойды осылай түйіндеді. Спектакль соңында көрермендер шығармашылық ұжымға ұзақ уақыт қол соғып, қошемет көрсетті.
Театр 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл SAF атауымен қайта құрылған театр құрамында 30-ға жуық студент бар. Олар осы уақытқа дейін Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым», Рахымжан Отарбаевтың «Шырғалаң», Дулат Исабековтың «Тауқымет» және өздерінің «Киелі бесік» пен «Тұғыры биік — Тәуелсіздік» атты шығармаларын сахналаған.