CaspianLife, 12 қазан — Атыраулық дәрігерлер 6 айында дүниеге келген сәбиді аман алып қалды. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бөбектің анасы Перизат Қайырбаева сәбиінің салмағы 725 грамм, бойы 30 см болып дүниеге келгенін айтады. Оның сөзінше, шақалақтың өкпесінен қан кетіп, іріңдеген. Өмір мен өлімнің арасында жатқан нәрестеге қысқа уақыт ішінде төрт мәрте қан құяды. Оның үстіне жүрегі дұрыс жетілмегендіктен, бала тым әлсіз болған.
«Атырау қалалық перзентханасынан қызым екеуміз тура үш ай өткенде ғана шықтық. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Гүлзейнеп Дюсуповаға, Әсел Каукеноваға, Гүлжан Шаймердиноваға, Кәмшат Сағындықоваға, Айзада Орынбасароваға, Индира Сабырқызына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін», — деді П.Қайырбаева.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының шала туған нәрестелер патологиясы, II кезең күту бөлімінің басшысы Түрлен Мұздыққызының айтуынша, соңғы он жылда елімізде шала туылған шақалақтардың өмір сүру көрсеткіші 2 есе өскен.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нәтижелі перинаталдық технологиялардың, медицина саласының ілгерілеуі нәтижесінде, шала туылған сәбилердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші көбейіп отыр. Кемінде салмағы 500 грамм, бойы 25 сантиметр болатын шақалақтың өмір сүру мүмкіндігі жоғары», — дейді ол.