CaspianLife, 10 қазан — Атырауда 400 мыңнан астам сайлаушылар тіркелді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өзгеруі мүмкін деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Бүгінде аймақта 261 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Тіркелген сайлаушылар саны шамамен 400 мыңнан асады. Айта кетейік, елімізде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.
«Қазіргі уақытта осы сайлау учаскелерінің барлығында алдағы уақытта материалдық техникалық жағынан инфрақұрылым жағынан дайын. Сонымен қатар өздеріңіз білесіздер сайлау комиссияларының біліктілігін арттыру сайлау заңнамаларын арттыру мақсатында семинар кеңестерді өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар ең үлкен мәселе сайлаушылардың тізімін анықтау», — дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.
Биылғы президент сайлауының бір ерекшелігі – бюллетеньдерде «барлығына қарсымын» деген графа болады. Яғни сайлаушылар барлық кандидатқа қарсы дауыс бере алады. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынып, саяси додада өзінің де бақ сынауға дайын екенін айтқан еді. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы алты рет: 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылдары өтті. Оның басым бөлігі кезектен тыс болды.