CaspianLife, 5 қазан — Атырауда дзюдодан MAGAUIYA OPEN CUP қалалық ашық турнирі өтті. Спорттық іс-шара қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Турнирге Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан келген дзюдошылар мен жергілікті спортшылар 45 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық атаққа таласты.
«Бұл жарыста мен 3 белдесу өткізіп, ақтық белдесуге жолдама алдым. Қарсыластарым өте жақсы. 5 жыл бойы дзюдоға қатысып келе жатырмын. Енді мен Қазақстандағы дзюдыны әрі қарата беруге жалғастыруға беруге дайынмын», — дейді қатысушылардың бірі Сержан Маратов.
Турнирге 7 мен 14 жас аралығындағы 1200-ге жуық ұл мен қыз қатысты. Дәл осындай ауқымдағы жарыс Атырау қаласының күніне орай алғаш рет өтіп жатыр.
«Еліміздің туын көтеретін болашақ жастарымызды шығару үшін балаларды алдын ала шыңдап, осындай тәжірибелерден өткізу,бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болсын деп осындай жарысымызды ұйымдастырдық. Алдағы уақытта қала әкімдігі қолдаса өткізіп тұрамыз деген ойдамыз», — деді MAGAUIYA спорт клубының президенті Эрман Майлашев.
Жарыстың нәтижесі бойынша 1 орынды Атырау облысы, 2 орынды Маңғыстау облысы, 3 орынды Батыс Қазақстан облысы иеленді. Олар алда болатын Қазақстан біріншілігіне қатысады.