CaspianLife, 3 қазан — Құрманғазы ауданындағы Байда ауылдық округі Бөкейхан ауылдық округі болып, ал оның құрамына кіретін Котяев ауылы Бөкейхан ауылы болып өзгертілді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХVII сессиясында айтылды.
Одан бөлек Атырау қаласындағы Ақсай ауылдық округі мен Ақжар ауылдары Қайыршақты ауылдық округіне енгізілді.
Жиында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы турасында да сөз қозғалды. Жыл соңына дейін аймақтағы ірі клиникалардың 7 бөлімшесін ашу жоспарда тұр. Шенеуніктер бұл шешімнің арқасында тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі жоғарылап, емханалардағы кезек азаяды дейді.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, Құрманғазы ауданындағы туберкулез шипажайы ғимаратының қаңырап бос тұрғанына қарамастан, былтыр 80 млн теңге қаржы жұмсалған. Сондықтан, атқамінерлер нысанды психоневрологиялық диспансерге айналдыруды ұсынды.