CaspianLife, 26 қыркүйек — Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов студенттің каспий шотына 10 мың теңге лақтырып жіберді. Бұл туралы Telegram арналарының бірінде хабарланды.
Асайын Байханов инстаграм әлемжелісін белсенді жүргізеді. Өзіне келген жеке хаттарға жауап беріп, атқарылған жұмыстарды хабарлап отырады. Оған қала студенттерінің бірі әкімге өзінің жеке мәселесін айтып Инстаграм парақшасына жазған еді.
Әкім оның хатына көмектесетінін айтып хабарлама жазды.
«Бұл жолы сізге көмектесейін. Бірақ, сіз жас болғандықтан ақша емес, жұмыс сұрауыңыз керек. Мен де ауылда өстім. Қалаға көк тиынсыз келдім. Ешкім басымнан сипамады, бірақ бұл маған керісінше жігер берді. Шаршамай, берілмей, қиындықтарға қарамастан еңбек еттім. Сондықтан, сізге ешкім жай ғана ештеңе бермейді. Білекті сыбанып, ерінбей еңбек ету қажет», — деп жауап берді Байханов.