CaspianLife, 13 қыркүйек — Атыраулықтардың 80 мыңнан астамы әлеуметтік медициналық тұрғыдан сақтандырылмаған. Олардың 55,6 пайызы мүлдем жарна төлемепті.
Заң бойынша МӘМС жарнасын қызметкері үшін жұмыс беруші төлеуі қажет. Дегенмен, еңбек етіп жүрсе де қорға жарнасы аударылмағандар баршылық. Оған кейбір азаматтардың келісім-шартсыз жұмыс жасауы себеп.
«Кей жағдайларда жұмыс берушілер қызметкерлер үшін МӘМС уақытында төлемейді. Ал, жұмысшылар бұл туралы ауруханаға келгенде бір-ақ біледі. Мұндай кезде жергілікті кіріс департаментімен бірге қызмет атқарып, жұмыс берушілерге айыппұл саламыз», — дейді Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиал басшысы Байтолла Ғазизов.
Одан бөлек, жуықта әдеттегідей емханаға тіркелу науқаны басталады. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тұрғындардың өздері қалаған емханаларға тіркелуге мүмкіндіктері бар.