CaspianLife, 22 тамыз — ҚР Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер өлімінің жиілеуіне қатысты түсініктеме берді.
Министрліктің ресми парақшасында, күштік құрылымдарда орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі түсіндіруді қажет ететіні жазылған.
«Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды.», — делінген хабарламада.
Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері мен басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексеретіні де жазылған. Ал, тексеру нәтижелері суицидтің себебі көп жағдайда әскери қызметпен байланысты емес екендігін көрсетті. Яғни, әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек дейді министрлік.
«Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын»
ҚР Қорғаныс министрлігі
Сондықтан, мұндай қайғылы оқиғалардың барынша алдын алу үшін «Өмірді сақт» кешенді бағдарламасы жасақталуда. Еліміздің күштік құрылымдарының қызметі туралы толығырақ осы ведомстволардың ресми сайттарынан таныса аласыздар. Сондай-ақ, барлық сұрақтар бойынша Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласуға болады.