CaspianLife, 17 тамыз — Атырау қаласындағы Төлесін Әлиев көшесінде салынып жатқан 4 қабатты «Көктем» тұрғын үй кешені бітпей жатып, сүрілетін болды. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты осылай деп үкім шығарды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы өткен жылы қала тұрғынының арызынан кейін ғимарат құрылысын тексеруге кірісіпті. Нәтижесінде жеке кәсіпкер Суханов құрылысты ешқандай құжатсыз, мемлекеттік органдарға хабарлама берместен бастағаны анықталды. Оның үстіне қаланың бас жоспарына сәйкес бұл аумақ көп қабатты емес, жеке тұрғын үй салуға арналған.
Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кәсіпкерге 1 млн. 43 мың 780 теңге айыппұл салып, бұзушылықтарды жою және құжаттарын ретке келтіргенге дейін құрылысты тоқтату туралы нұсқама берген. Кәсіпкер бұған қарамастан құрылысты жалғастырыпты. Басқарма құқық бұзушыға тағы 1 108 460 теңге көлемінде айыппұл салып, сотқа заңсыз нысанды бұзу жөнінде азаматтық арыз жолдаған.
«Сот үкімі күшіне енді. 27 шілдеден бастап екі айдың ішінде нысан сүрілуі тиіс. Бірақ тамыз айының соңына дейін құрылыс салушы облыстық экономикалық сотқа аппеляция бере алады.Егер сот шешімі орындалмаса, келесі 45 күннің ішінде біз оған қосымша хабарлама жібереміз. Жағдай өзгермеген жағдайда істі жеке сот орындаушысына тапсыруға тура келеді. Ол өз қаражатына ғимаратты сүретін компанияны жалдап, кеткен шығынын кәсіпкерден заң жүзінде талап етеді», — деді облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ерлан Қабденов.
Ресми емес ақпаратқа сәйкес, бизнес санатқа жататын тұрғын үйдегі пәтерлердің бәрі де сатылып кеткен. Ашық дереккөздерде мұндағы бір бөлмелі пәтердің құны 11 млн. 300 мың теңге деп көрсетілген. Ендігі жерде салымшыларға қаражаттарын қайтару мәселесі құрылыс компаниясымен жасалған екеуара келісімшарт негізінде шешіледі.