CaspianLife, 16 тамыз — Президент 16-24 тамыз аралығында Атыраудағы Абай орталығында өтетін «Atyrau Chess Festival 2022» бірінші халықаралық шахмат фестивалінің қатысушыларын құттықтады. Бұл туралы фестивальды ұйымдастырушы Динара Сәдуақасова өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді.
«Достар, күні кеше біздің команда Атырауда 16-24 тамыз аралығында өтіп жатқан «Аtyrau Chess Festival 2022» ұйымдастыруына байланысты Мемлекет басшысының құттықтау хатын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатында турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларын құттықтады. Бұл мен үшін шынымен үлкен мәртебе! Біздің шара — Қазақстанның осы өңірінде өткізіліп жатқан бірінші халықаралық шахмат турнирі. Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде еліміздің Президентіне сенім білдіргені үшін ерекше алғыс білдіремін», — делінген жазбада.
Айта кетелік, жарысқа Қазақстан, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей секілді 9 елден 300-ге жуық спортшы қатысады. Фестивальдың жүлде қоры 13 млн.теңгеден асады. Турнирдің өту барысын «Абай» орталығындағы мониторлардан және ресми сайттардан онлайн форматта қарауға болады.