CaspianLife, 12 тамыз – Атырауда 1000 жұмыссыз қайта даярлаудан өтеді. Бұл «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы бойынша іске аспақ.
Биыл 4-10 шілде аралғында аймақ бойынша жұмыссыздарды оқытуға іріктеу жүрді. Оған 680 адам қатысты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мамбетов оқыту 2-4 ай аралығында жүретінін айтады.
«Қазір «APEC Petro Technic» ЖШС жоғары колледжі, «ILT» оқу орыны және «Ақтау» оқу орталығында 11 мамандық бойынша оқуға 350 адам қабылданып, білім алуды бастап кетті. Мұнда еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар бойынша оқу жүргізілуде. Оқу аяқталған соң, бітірушілердің білімін дәлелдейтін арнайы сертификат беріледі», — деді Азамат Мамбетов.
Сонымен қатар «Теңізшевройл» ЖШС-нің қосалқы мердігер мекемесіне, отандық компанияларға жұмысқа орналастыру үшін бітіруші мамандар арасында іріктеу жүргізіледі.
Еске салайық, аталған оқу бойынша 2019 жылдан бері 1139 тұрғын мамандандырылып, оның 692-сі жұмыспен қамтылған болатын.