CaspianLife, 10 тамыз – Биыл Атырау облысында 7 айдың ішінде 693 ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. 1731 жұп шаңырақ көтерді. Мамандар ажырасуға өтініш беретіндердің қатарында орта жастағылардың көбейіп бара жатқандығын айтады. Мысалы, 51 жыл отасып, алтын тойды өткізген ерлі зайыпты былтыр екіге айырылыпты.
«Қазіргі таңда некелерін бұзып жатқан үлкен кісілер деп айтуға болады. Бұрын тек жастарды жиі келетін. Қазір үлкен кісілер де некелерін бұзып жатады. Арыз жазғанда олар мінездің келіспеушілігі деп жазады ғой. Бүкіл проблемасын, тұрмыстық жағдайларын көрсетпейді», — дейді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің бас маманы Эльвира Кендирбаева.
Былтыр некеге 3558 жұп тұрса, 1995 жұп ажырасты. Ең аз некеде тұрған уақыт –1 ай 22 күн.
Жанұяның бөлінуіне бірнеше фактордың әсер ететіні белгілі. Мысалы, әйелдер әлеуметтік желілердегі жарқ жұрқ өмірге қызықса, ер-азаматтар тарапынан әйел адамға қамқорлық жетіспей жататын көрінеді. Оған, келін мен ата-ененің қарым-қатынасын қосуға да болады дейді мамандар. Психолог Айнұр Анестің айтуынша, оның қабылдауына жұбайымен ажырасуды ойлап жүрген әйелдер жиі келеді. Психологтың сөзіне қарағанда некені бұзу — жұптардың бір-бірінің эмоционалдық сезімін бағаламаудан басталады. Сондықтан жұптар бір-бірімен ашық сөйлесіп, пікір алмасу керек. Оған қоса, бір-бірлеріне қолдау көрсетуден жалықпау керек дейді мамандар.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміндегілер ажырасуға өтініш білдірген жұптарға татуласуға бір ай уақыт береді. Оларға отбасылық психолог көмектесуге тырысады. Алайда басым бөлігі екіге кетуді жөн көріп, ажырасып тынуда.