CaspianLife, 26 шілде – Жылыой ауданында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен мемлекеттен қайтарымсыз грант алған 35 кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазір олар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Солардың бірі, 13 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан көз дәрігері — Асыл Ахметова. Ол осыдан 7 жыл бұрын Жылыой ауданында «Жарқыра» оптикалық көзәйнектер салонын ашқан. Офтальмолог дәрігер кәсібінің материалдық базасын нығайту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына құжат тапсырып, 3 млн теңге қайтарымсыз грант ұтқан. Аталған қаражатқа көздің қан қысымын өлшейтін арнайы құрал сатып алыпты.
«Жұмысты бастағалы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6%-дық жеңілдікпен 6 млн. теңге қаражат иелендім. Оған заманауи үлгідегі көзді тексеретін аппараттарды, көзәйнекті кесіп түрлі көзілдіріктерді жасау станоктарын алдым»,- дейді Асыл Ахметова.
Офтальмолог балалар арасында көз ауруы көбейгенін айтады. Сондықтан, аудан тұрғындары жас-жеткіншектердің жанарын емдету үшін облыс орталығына бармай-ақ, арнайы құралдың көмегімен дер кезінде емдеуді жергілікті жерде қолға алуға мүмкіндік жасап отыр.
«Балалар арасындағы көз ауруларының ерте уақытта алдын алып, тоқтату мақсатында 2020 жылы «Даму» қоры арқылы 20 млн теңге несие алдым. Оған жеткіншектердің арасындағы жеңіл көз көрмеушілікті тоқтатып, оны емдейтін құрал-жабдықтар сатып алдық. Біздің орталықта мейрам күндері балаларға, көп балалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жеңілдіктер болып тұрады. Құлсары қаласында орталықтың екі нүктесі бар. Алты адамға жұмыс беріп, жалақысы уақытылы төленіп келеді», -дейді Асыл Ахметова.
Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен облыс бойынша соңғы 9 жылда 162 кәсіпкер бизнес ашқан.