CaspianLife, 14 шілде — Атыраудағы қоғамдық әжетханалардың барлығы жеке кәсіпкерге берілетін болады. Қазір бұл мақсатта ашық электронды конкурс басталды. Бұл туралы қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров мәлімдеді.
Қазір қалада 8 қоғамдық әжетхана бар. Олар Авангард ықшам ауданы, Жеңіс саябағы, Ж.Молдағалиев, Әйтеке би көшелері және Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі мен Исатай-Махамбет алаңында орналасқан. Бүгінде сегіз нысанның біреуі ғана сенімгерлік басқаруға берілген. Қалған жетеуі осы айдың соңында конкурс аяқтала салысымен жеке кәсіпкерлерге өтеді.
«Соңғы кезде тұрғындар тарапынан шағым көп. Олар түнгі уақытта әжетханалардың жұмыс істемейтініне наразы. Алайда, нысан түнгі уақытта ашық тұрса, оның ішін қирату, суын ашып кету мәселелері туындайды. Сол себепті белгілі бір режим болу қажет. Қазір нысан таңғы 07:00 ден түнгі 01:00 ге дейін жұмыс істейді», — деді Т.Әубәкіров.
Айта кетейік, сенімгерлікке өткен нысандарды жеке кәсіпкерлер сатып алып, өз атағына аудара алмайды. Бизнес иелеріне берілген әжетханалар алдағы уақытта да қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бақылауында болады. Жеке кәсіпкерлер бөлім бекіткен кесте мен арнайы келісімге сай қызмет атқарады.