CaspianLife, 30 маусым — Дизель отынын заңсыз сатып, 1 млрд 700 млн тг астам пайда тапқан жылыойлық кәсіпкер шартты жазамен құтылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әккі кәсіпкер 2021 жылы басшылық қызметте жүріп Жылыой ауданы аумағынан ешқандай құжатсыз 3000 тонна дизель отынын сатып алып, оны Маңғыстау облысына тасымалдаған. Нәтижесінде 796 млн теңгеден астам ақша түсіріпті. Және сол жылы тағы бір мекеменің директоры есебінде Жылыой ауданынан құжатсыз 3 мың тонна дизель және сатып алған. Тауарды Маңғыстау облысына өткізіп, заңсыз 990 млн тг пайда тапқан.
«Сот үкімімен аталған серіктестік басшысы кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды. ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң негізінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы 3/1 бөлігіне қысқарып, түпкілікті екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп мәлімдеді ҚР ҚМА баспасөз қызметі Әлібек Әбділов.
Алайда, Қылмыстық кодекске сәйкес, жаза шартты деп танылып, заңсыз кәсіпкер екі жыл бойы пробациялық бақылауда болмақ. Осы уақыт аралығында оның мінез-құлқы мен алкогольді ішімдік ішілетін жерлерге бармауын тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі бақылайды.