CaspianLife, 25 маусым — Атырауда жұмыстан заңсыз шығарылған әйел жұмыс берушіден сот арқылы 1,3 млн теңге өндіріп алды. Сонымен қатар ол қызметіне қайта оралатын болды.
Атыраулық Нұргүл Жанболсынованы өткен жылдың 18 маусымында жұмыстан шығарған. Ол «Атамекен басқарушы компаниясы» ЖШС-да вахталық әдіспен жұмыс істеген еді. Басшылықпен келіспеген әйел шешімді жоққа шығарып, жұмысына қайта оралу үшін сотқа жүгінді. Сондай-ақ, ол жұмыс берушіден мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақы және моральдық өтемақы төлеуді талап етті.
Судья Жасур Момынжанов істі жұмысшының пайдасына шешті. Жанболсынованы жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күші жойылды. Әйел қызметіне қайта орала алады. Ал жұмыс беруші оның жұмыссыз жүрген уақыты үшін 1,3 миллион теңге және моральдық өтемақы ретінде 50 мың теңге төлеуге міндеттелді. Арыз беруші өтемақы ретінде 450 мың теңге сұраған еді.