CaspianLife, 18 мамыр — Ақтауда 150-ден астам тұрғын алаяқтарға алданып қалды. Олар жеке тұлғаларға несиеге автокөлік рәсімдетіп, қарызға батырып кеткен. Ал халықты «еңбектеріңе сыйақы береміз» деп алдаған.
Тұрғындарды төленбеген несие пайызының өсіп жатқаны алаңдатып отыр. Автонесие әртүрлі банктен алынған. Жәбірленушілер Ақтау қалалық ІІБ-на арызданған. Тергеу басталғалы 50-ден астам көлік айып тұрағына қойылыпты. Қалғаны іздестірілуде. Қолдан-қолға өткен транспорттар қазір басқа облыстарда жүрген көрінеді.
«Қазір 200-ден астам автокөліктің несиеге алынғаны туралы ақпарат бар. Бір адамға 2, 3, 4 көліктен рәсімделген. Кейбірі көліктің қайда жүргенін білмейді. Барлық облысқа автокөліктерді анықтап, сол аймақта автотұраққа жабу туралы жеке тапсырма жолданды», — деді жергілікті ІІБ тергеу бөлімінің бастығы Мақсат Молдабаев.
Күдіктілерге іздеу жарияланды. Бірақ жәбірленушілер қарап отырмай, полициямен бірге көліктерін өздері де іздеуге кірісті.