CaspianLife, 22 сәуір — Қазақстан мен Ресей шекарашылары Каспий теңізінде браконьерлерге қарсы бірлескен операция жүргізді.
Нәтижесінде 47 адам ұсталып, 3-уіне әкімшілік хаттама толтырылды. 4 су көлігі, 51 тор тәркіленді. Браконьерлерден 2 200 келі бекіре тұқымдас балық пен 1 тонна шабақ, кефаль табылды.
3 адамға әкімшілік құқықтық хаттама толтырылды. Оларға 183 мың 780 тг шамасында айыппұл салынды. Одан басқа заңсыз ау тәркіленді. Олардан 30 дана бекіре табылып, теңізге жіберілді,-деді шекарашы Бағлан Жанықұлов.
Екі апта бойы өткен іс-шарада 33 итбалық құтқарылып, теңізге жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда теңіз жануарының 2 есе көп құтқарылғанын көрсетеді.
Қазір бекіре тұқымдас балық уылдырық шашып, теңіз жануарлары көбейетін кезең. Бұл процесс Каспийдің солтүстігі мен оңтүстігінде қарқынды жүреді. Әдетте осы кезде шетелдік браконьерлер қолға көп түсетін еді. Бұл жолы жергілікті балықшылардың саны көбірек. Олар Түпқараған мен Қарақия аудандарының тұрғындары, — деді ҚР ҰҚК ШҚ МОД басшысының орынбасары Фархад Мирманов.
Шекарашылардың бірлескен іс- шарасында кезінде браконьерлердің мемлекетке 1,5 млн теңге шығын келтіргендігі анықталды.