CaspianLife, 15 сәуір — Жарсуат ауылдық окургінің аумағындағы тарихи маңызы бар Махамбет мазарының маңын ретке келтіру керек.Өйткені, жыл сайын мазар басына келіп, құран бағыштайтындардың саны артып келеді. Бұл мәселені Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен кездескен жарсуаттықтар көтерді. Аймақ басшысы аталған мәселені басты назарына алып, шешу жолдарын іздестіремін деді. Бұдан бөлек ауыл халқы жиында бұралқы иттерді атуға тыйым салынған заңдылықты алып тастауды сұрады.
«Индер-Атырау тас жолының сақталуы туралы. Осы жолмен ауыр жүк көліктері артық жүк тасып, жолды бүлдіруде. Шарасын алуды сұрағанбыз. Серік Жамбұлұлы бұл мәселемен таныс екендігін айтып, шара алатындығын айтып бізді қуантып тастады», — дейді Жарсуат ауылдық округінің тұрғыны Талғат Тасқарин.
Жалпы 3000-нан астам адам тұратын ауыл тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ауылда медициналық ұйым, мектеп пен мәдениет үйі бар. Биыл мамыр айының соңында мұнда спорттық кешен ашылады деп жоспарлануда. Бірақ, ауылдағы 15көшенің төртеуіне асфальт керек.
«Ауыл болғасын ұсақ-түйек мәселелер болады ғой. Ауылымызда жаңадан түскен 2 көшеміз бар. Сол 2 көшеге асфальт төсеу жұмыстары биыл шешіледі деп аудан басшылығы айтып жатыр. Бұрыннан келе жатқан 2 кішкентай көшеміз бар. Ол да сұранысқа жазылған», — деді Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеев.
Ал әкімнің жеке қабылдауында болғандар Қызылжар, Ақтан елді мекендерінде ұялы байланыс желісі нашар екенін айтып, бұл мәселені шешіп беруді, сондай-ақ, округ маңындағы «Қуралы-Сай»каналын күрделі жөндеу жұмыстары барынша тезірек басталса деген ұсыныс айтты. Канал былтыр республикалық Казсушар мекемесінің теңгеріміне берілгендіктен жөндеу жұмыстарына қаражат республикалық бюджеттен 2023 жылы бөлінеді деп жоспарланып отыр.