CaspianLife, 7 сәуір — Каспийдегі теңіз туризміне қауіп төніп тұр. Ақтауда 50 жылдан астам жұмыс істеп келетін жалғыз яхта клубы жабылып қалуы мүмкін. Яхталар мен қайықтарды жалға беретін жүздеген кәсіпкер су көліктерін қоятын тұрақ таппай дал болуда. Қоғамдық ұйым мен жергілікті басшылардың арасындағы келіспеушілік жер теліміне қатысты болып отыр. Ақтау әкімдігі жағажайдың абаттандырылуына байланысты яхта клубының аумағын үштен бірге қысқартпақ. Алайда, кәсіпкерлер бұл шешіммен келіспейді.
«Олар осылайша теңіздегі бизнесті құртып жатқандарын түсінбейді. Мұнда туристердің көп келетініне қарамастан, аумаққа плитка төсеп тастайын деп отыр. Мүмкін бұл қысым көрсетіп, бизнесті тартып алудың бір түрі шығар. Бәлкім, орталық салғылары келетін шығар», — дейді «Бриз» яхта клубы ҚҰ қоғаммен байланыс жөніндегі командорының орынбасары Олег Морозов.
60-шы жылы бой көтерген Форт-Шевченко қаласындағы үлкен компанияларға тиесілі қайықтар болатын. Су транспортына Каспий жағасындағы табиғи шығанақта арнайы тұрақ ұйымдастырылған еді. Соңғы онжылдықта яхта клубының аумағы екі есе қысқарған. Клуб меншігінде қалған жер теліміне қазірдің өзінде 50-ден астам су көлігі сыймай жатыр.
«Яхта клубы аумағының үлкендігі соншалық, бір жерінен екінші жеріне жету үшін ықшам ауданды түгел айналып өту керек. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз. Кейін тұрғындар да «яхта клубы неге территорияны жауып тастады» деп шағымданатын болады. Ақтаулықтар өтуге қиналып жатқанда, клуб мүшелері шағын демалыс орнын ұйымдастырып отыр», — дейді Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Асхат Нұрмұхан.
Биліктегілердің сөзінше, жағажайдағы аумақ қаланың меншігінде. Және бұл жерге кез-келген адам еш қиындықсыз жетуге құқылы. Клуб өкілдері шешіммен келіспейтін болса, әкімдік жерді жалға беру туралы келісім-шартты бұзатындарын айтты. Ол жағдайда дайвинг, кайтсёрфинг, яхтамен серуендеу, гидроскутер және вейкбордпен сырғанау секілді 10-нан астам судағы ойын-сауық түрлерін ұсынатын кәсіпкерлерге жұмыстарын тоқтатуға тура келеді.