CaspianLife, 7 сәуір — Атырауда өткен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде 140-қа жуық кәсіпорын қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнімін таныстырды. Оның ішінде материал, тамақ, химия өндірісі, машина жасау өнеркәсібімен айналысатын компаниялар және қолөнершілер, сондай-ақ, 20 жылдан бері желдету, ауа баптау және жылыту жүйелерін жобалау, жеткізу және орнатумен айналысатын компания өкілдері болды.
Отандық өнімді насихаттау мақсатында өткізілген көрмеден тұрғындар өздеріне қажетті тауарларды іздесе, кәсіпкерлер іскерлік қарым-қатынасты дамытуға келгендерін айтады. Ал, ұйымдастырушылар отандық өнімдерді қолдап, тұтынатын кез жетті дейді.
«Пандемия салдары біздің өнеркәсіпке қатты соққы тигізді. Енді экономиканы аяғына тұрғызу үшін өнеркәсіптік тауарларды кеңінен насихаттауымыз қажет», — дейді облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаева.