CaspianLife, 7 сәуір — Атыраудағы Абай орталығында 19-шы Солтүстік Каспий аймақтық «Атырау мұнай және газ 2022» көрмесі басталды. Шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Түркия, Нидерланды мен АҚШ-тан келген 60-тан аса компания қатысуда.
Пандемиядан кейін алғаш бас қосқан мұнай және газ саласының мамандары шешімін табуы тиіс мәселелерді ортаға салып, заманауи жабдықтарын таныстыруда. Жоспар бойынша алдағы уақытта Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында мұнайгазхимиялық кластер құру үшін 7 жобаны іске асыру көзделген. Үкіметтің шикізат және өңдеу өнеркәсіптерін дамыту туралы жоспары мұнай-газ және сервистік қызмет көрсетуші компанияларға зор мүмкіндік береді.
«Шикізат базасы Атырау өңірін ұлттық мұнай-газ кластерін дамыту үшін ең қолайлы аймаққа айналдырып отыр. Бұл өз кезегінде елдің мұнай-газ және химия, энергетика, құрылыс секілді секторларын дамытуға мүмкіндік береді. Мұнай-газ саласын әрі қарай дамыту үшін бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың ашық диалогы маңызды», — дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Көрме аясында бизнес-келіссөздер жүргізіліп, тиімді нетуоркиң орнатылады мұнай мен газ өндіру саласындағы өзекті тақырыптар талқыланып, инновациялық жабдықтар мен инфрақұрылымды дамыту жолдары қарастырылады деп жоспарланып отыр.