CaspianLife, 5 сәуір — Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Түпқараған аудандық мәслихатының депутаттарына ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген әкім лауазымына кандидат Рахат Елтизаровты ұсынды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегінше, Рахат Елтизаров Ақтөбедегі «Дүние» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ «Мұнай және газ кен орындарын игеру» бойынша инженер мамандығын алған.
2005-2007 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінің маманы және бас маманы болып қызмет етті.
2007-2010 жылдары — Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары болды.
2010-2015 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2015-2016 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Маңғыстау облыстық сумен жабдықтау жүйесі» МКК директоры болып жұмыс істеді.
2016-2018 жылдары Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болды.
2018 жылдың қараша айынан қазіргі уақытқа дейін Мұнайлы ауданының әкімі лауазымында болды.
Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатураны қолдады. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Рахат Елтизаровқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.