CaspianLife, 18 наурыз — Үстерінен қылмыстық іс қозғалған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев пен «Бұйырғын» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан Бисембаев ақталып шықты.
Істі қараған Атырау қалалық №2 соты айыпталушылардың әрекеттерінен қылмыс құрамын таппапты.
Нұрлыбаев Қайрат Есқабылович пен Бисембаев Нұрлан Кенжешевич Қылмыстық Кодекстің 189 бабы, 4 бөлігінің 2 тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәсіз деп танылсын. Олардың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталсын. Нұрлыбаев пен Бисембаевқа қолданылған «Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енген соң күші жойылсын, — делінген сот шешімінде.
Еске сала кетейік, Қайрат Нұрлыбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған жылдары қызметін асыра пайдаланып, 83,7 млн тг субсидияны кооперативке заңсыз бөлді деп айыпталған болатын. Алайда, сот барысында субсидияның әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға 4 траншпен Нұрлыбаев басшылық қызметке келгенге дейін берілгені анықталды. Прокурорлар сотталушылар арасында сөз байласудың болғанын да дәлелдей алмады.
Сондай-ақ алғашқы 3 субсидия берілген уақытта Нұрлан Бисембаевтың «Бұйырғын» кооперативінің құрылтайшысы болмағаны, мекемеде ешқандай қызмет атқармағаны, сол себепті материалдық жауапкершілікті тұлға ретінде танылмағаны да белгілі болды. Сот «қаражат ұрланған жоқ, тиісінше игерілді» деп тапты. Субсидия бөлінген құс фабрикасы қазір жұмыс істеп тұр, салықты да уақытылы төлеп отырған көрінеді. Ал 83,7 млн тг бюджетке толықтай қайтарылыпты.