CaspianLife, 3 наурыз — Индерліктер алғыс айту күнінде жерлестеріне алты бөлмелі баспана алып берді. Өрлік ауылындағы Альфаритовтар отбасы 24 жылдан бері ескі гаражда өмір сүріп келіпті.
Жұртқа жағдайын айтып, көмек сұраған отағасының өтінішін ауылдастары жерде қалдырмай, лезде 3 млн 700 мың теңге қаражат жинаған. Арманы осыншалықты тез орындалады деп күтпеген үй иесі қайырымды жандарға алғыс айтты.
Жиырма төрт жыл бойы гаражда тұрып өмір сүрдік. Маған ағайын болып, қайырымдылық қорлары бар осы қонысты алып беріп көмектесіп жатыр. Халқыма мың да бір алғыс айтамын, — деді отағасы Талап Альфаритов.
Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде «Шын жүректен мың алғыс» деген атаумен салтанатты жиын ұйымдастырылды. Аудан әкімі Салауат Өтеғұлов елдің дамуына барынша үлес қосып отырған дендерліктерге алғыс айтты.
Татулығы тұрақты ауданымызда да түрлі ұлт өкілдері әр салада лайықты еңбек етіп, ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бұл да бір шаңырақ астында топтасқан тұрғындардың өзара сыйластығының дәлелі. Ендеше бірлігі берекелі, ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан ауданымыздың халқына алғысымды білдіремін! Тату тірлігіміз бен сыйластығымыз арта берсін, — деді аудан әкімі Салауат Өтеғұлов.
Салтанатты іс-шара мерекелік бағдарламамен аяқталды. Жалпы бұл күні ауылдық округтерде, мәдениет үйлері мен кітапханаларда, білім беру мекемелерінде өзге ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.