CaspianLife, 2 наурыз —Ақтөбе — Атырау тасжолының Ақтөбе — Қандыағаш қалалары аралығындағы құрылысы биыл жалғасады.
Ақтөбеде өткен жиында «Ақтөбе — Қандыағаш» автокөлік жолын қалпына келтіру барысы талқыланды. Мәжіліске облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Ақтөбе филиалының директоры Марат Махамбетов, мердігер мекемелердің басшылары қатысты.
«Ақтөбе — Қандыағаш» автокөлік жолын қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталған болатын. Биыл 11-ден 52 шақырымға дейінгі учаскенің жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігер ұйымы жалғастырады.
«Сине Мидас Строй» ЖШС директоры Ахмет Будан: «Бүгінде жол салуға қажетті аумақтық төменгі қабатының жұмыстары 72% орындалды. 16 байланыс желісі, 1 газ құбыры мен 2 су құбыры жол үстінен өзге аумаққа көшірілді. Жол құрылысы материалдарын дайындау жұмыстары басталды»,- деп мәлімдеді.
Ал 52-ден 100 шақырымға дейінгі учаскені қалпына келтіру «Ақжол Құрылыс» бірлестігіне, «АзВирт» ЖШҚ-на, «Ассана ДорСтрой» ЖШС-не сеніп тапсырылды. «Ассана ДорСтрой» ЖШС құрылтайшысы Владимир Гринбергтің айтуынша, аталған учаскеде де дайындық жүріп жатыр.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде жұмыстың сапасы мен мерзімін ерекше бақылауда ұстауды, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанша екіжолақты жолда кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуді талап етті.