CaspianLife, 24 ақпан — «Жасыл» аймақтағы Атырау облысында соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі 2,6 есеге төмендеді.
Бұл туралы кеше онлайн брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті.
«Атырау облысында 2020 жылдың наурызынан бері 62 186 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Содан бері науқастардың 98,2%-ы сауығып шықты. Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі 2,6 есеге төмендеді. Қазір өңірдегі 2 360 төсектік инфекциялық стационарларда қауіпті вирус белгісі табылған 50 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр 9 пациент оқшауланған», -деді Асхан Байдуәлиев.
Оның мәліметінше, осы кезге дейін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың I компонентін 268 012 адам салдырған. Ал, вакциналардың II компонентін ектірген атыраулықтардың саны 253 002 адамға жеткен.