CaspianLife, 17 ақпан — Жаңаөзенде наразылық білдірген мұнайшылардың айлығы 20 пайызға көтерілетін болды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылары жалақыға көңілі толмағандармен кездесіп осындай шешім қабылдаған.
Жағдайды тұрақтандыру, кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек дауын ары қарай реттеу үшін бұған дейін 10 пайызға көтерілген болса, енді тағы да 20 пайызға өсіру туралы кәсіподақпен келісім жасалды. Осылайша осы жылдың басынан жалақының жалпы өсімі 30 пайызды құрайтын болады”, – дейді «ҚазМұнайГаз ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
«ҚазМұнайГаз» басшылығы енді жалақыны бұдан артық биылға өсіре алмаймыз деп отыр. Сондықтан мұнайшыларға осы көтерілген айлыққа қанағат етіп, жұмысты жалғастыруларын сұрайды.
Жалпы ресми статистика бойынша Жаңаөзенде 7 мыңға жуық адам жұмыссыз. Олардың да мәселесі ушығып тұр. Дені мұнай компанияларына жұмысқа орналасуды көздейді. Бірақ жауаптылар барлығын бірдей мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес деп отыр. Билік оны да шешудің жолын қарастыруда. Яғни жұмыссыз азаматтарды қайта оқытып, басқа бір кәсіпке бейімдемек. Қазір Жаңаөзенде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар азаматтардың әлеуметтік жағдайын зерделеп, алдымен тұрмысы нашарларын жұмыспен қамтымақ.
Шағымданушылардың арасынан құрылған комиссия қоғам белсенділері бар. Солар әр арыз берушінің бүгінгі таңда саны 194 болды. Солардың үйін аралап тұрмыстық жағдайын, отбасында табыс табушы кім, қанша табыс келеді, қандай жағдайы бар, соның барлығын зерделей отырып өздері шешім шығарады. Ұсынысқа қарай шешімді біз қабылдаймыз, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.