CaspianLife, 11 ақпан — Маңғыстауда ұжымдардың наразылықтары бітер емес. Бұл жолы жолсеріктер еңбекақыларының 100% ға көтеруді талап етіп бейбіт шеруге шықты.
Олар «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ қарамағында жүргенде қомақты айлық алғанымен, кейін «Сарыарқа компани» жеке компаниясына өткен соң жалақыға жарымай қалғандарын айтады.
Бар жігіттер жұмыс жасап жатқан «Өзен Болашақ», «Бейнеу-Тассай», «Бейнеу-Қарақалпакия» деген сол жігіттердің окладтары 188 мың теңге. Біздікі 85 мың теңге болды, январьда 10 пайыз көтерді, 92 мың болды. Екі есе көп. Ештеңеге жетпейді. Бос уақытта таксовать етемін. Себебі бала шаға асырау керек, — дейді Sary-Arka Company ЖШС жолсерігі Асылбек Сейітқалиев
Қосымша жұмысым жоқ. Осы айлықпен күнелтіп отырмын. Бала шағам көп, бір қатары студент. Жеткізе алмаймын. Мені елуден асқаннан кейін ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан жалақымызды көтеруді сұраймыз, — деді жолсерік Нағима Құрбанқылышова.
Дау 2017 жылы қала маңына жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін тендер жарияланып, жекешеленіп кеткен кезде басталды. Жалақы көлемі сақталады деп уәде берген басшылық сөзінен танып, айлықты төмендеткен. Енді наразылықтан соң жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.
Хаттама жолданды облыс әкіміне, «Sary-Arka Company» бас директорына. Ендігі жерде жұмыстанып жатырмыз. Кеше жауабы келді. 16 келіп, түсіндіру жұмыстары жүреді. Қанша қалай көтеретінін басшылық шешеді деп ойлаймын, — деп жауап берді Sary-Arka Company ЖШС Маңғыстау учаскесінің бастығы Жақсат Бакешев.
Маңғыстаулық жолсеріктер өздерімен кездесу үшін 16 ақпанда келетін комиссия мүшелерін күтпек.
Ал оған дейін жұмыстарын жалғастыра беретін болып келісті.