CaspianLife, 9 ақпан — 8 ақпан кешкі сағат 10 жарымдар шамасында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында көп балалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, мүгедектігі бар адамдар облыс әкімдігіне барып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Олар әкімдіктің фойесіне кіріп, әкімнің шығуын талап етті. Бірақ әкімдіктен ешкім шықпаған.
Бұдан соң наразылар өздеріне биліктің назарын аударту үшін әкімдік жанындағы орталық көшелердің бірін жапқан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ондаған әйелдің жолды жауып тұрғаны, көліктердің сигнал беріп жатқаны көрінеді. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де келген. Куәгерлердің Азаттыққа айтуынша, полиция жолды ашуға тырысып, аналар мен полиция біраз текетіресіп қалған. Бір қарт әженің жүрегі ұстап, құлап қалған. Оған медициналық көмек көрсетілгені-көрсетілмегені белгісіз.
Оқиға орнына облыс әкімдігінің өкілі келіп, наразыларға «шараның заңсыз екенін» айтып, ескертуге тырысқан. Ал наразылар бұған ашуланған.
«Отырғанымызға қанша сағат болды? Неге әкім келмейді? Бізді қашан қабылдайды?» деп ашуланады аналардың бірі видеода.
Жиналғандар жергілікті биліктен жалға алған пәтерлерін жекешелендіруді талап еткен. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар кейін балаларының бапанасыз далаға қаңғып қалғанын қаламайтынын, сол себепті баспана мәселесін тез арада шешіп беруді талап еткен.
Наразылар жолды шамамен жарты сағаттай жауып тұрған. Әкімдік өкілдері оларға облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың 9 ақпанда таңертең қабылдайтынын айтқан. Наразы әйелдер сыртта тоңғандықтан түнгі сағат үштерде тарағанын айтады.