CaspianLife, 10 қаңтар — Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық ауруханаға барып, жаппай тәртіп бұзушылық кезінде жарақаттанған полиция қызметкерлерінің жағдайын білді. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде науқастардың жағдайы бірқалыпты.
Соңғы мәліметтер бойынша ауруханаға 62 пациент келіп, олардың 7-уі ауруханаға жатқызылды. Екеуі құқық қорғау органдарындарының қызметкері. Жағдайлары жаман емес, — дейді Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев
Сонымен қатар, аймақ басшысы тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын супермаркеттердің бірінде болды. Сөрелердегі тауарлардың құны қымбаттамаған. Облыстағы азық-түлік бағасына жауапты қызметкерлердің айтуынша, мониторинг жүргізіліп отыр. Жуықта Павлодардан картоп жеткізіледі.
Қазір газ бағасының арзандауына байланысты осыған дейін келген тауарлардың көбі газдың қымбат уақытында келді ғой. Алдағы уақытта газ арзансығаннан кейін арзан келеді деген үміттеміз. Қазір жұмыс жасап жатырмыз, — деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Амангеді Саламат.
Махамбет Досмұхамбетов қала сыртына қойылған блок-бекеттердің біріне барып, ондағы жұмыспен де танысты. Қаладан кіріп-шығар жолдарға 4 блок-бекет қойылса, облыс орталығының өзінде 12 бекет жұмыс істеп тұр. Соңғы ресми мәліметтер бойынша, өңірде тәртіпсіздік кезінде 49 полиция қызметкері мен 27 сарбаз жарақаттанған. Ал төтенше жағдай режимін бұзудың 73 дерегі тіркелді.
Фото: Reuters