CaspianLife, 17 желтоқсан – №42 жалпы орта білім беретін оқу ордасында балалар 3-тоқсаннан бастап оқиды.
2 миллиард 400 миллион теңгеге салынған нысанда 54 оқу қабинеті, 400 адамға шақталған асхана мен 360 орындық акт залы бар.
Жалпы 2021-2022 оқу жылында 100-ден астам мұғалімді жұмыспен қамтимыз, 40-қа жуық техникалық қызметкерді жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар. 2022-2023 оқу жылында бұл сана одан әрі арта түседі. Себебі, жылдың ортасы болғасын қазіргі таңда оқушылар контигенті аздау, — дейді жаңа мектеп директоры Өнербек Ерғалиев.
Мектеп басшылығы білім ордасына жақын тұратын балалардың тізімін жасақтап, оларды қабылдау жұмыстарына дайындықты бастап кеткен. Оқушылар 20 желтоқсаннан бастап қабылданбақ. Облыстық білім беру басқармасы басшысының айтуынша, болашақта «Береке» ықшам ауданынан тағы да мектеп салынады.
Болашақта біздер бұл микрорайоннан 600 орындық мектеп салу жоспарымызда бар. Бұл мектептерді салудағы мақсат – 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешу. Еліміздегі пандемияға байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап барып, содан кейін жалғасын тапты, — дейді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Ерғалиев.
Жаңа мектепте ерекше балалар да оқи алады. Олар үшін лифт жұмыс істейді, арнайы инклюзивті сыныптар жасақталуда. Ал білім беру басқармасындағылар 2022 жылы 8 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.