CaspianLife, 14 желтоқсан – Маңғыстау облысында сайыстан жеңіп алған 1 млн теңгесін мектебіне сыйлаған оқушының ақшасы кері қайтарылатын болды.
Бұған дейін Маңғыстауда мектеп оқушысы әлеуметтік жобалар сайысынан жеңіп алған 1 млн теңгесін мектебіне сыйлап, ол қаржыға интерактивті тақта сатып алынғаны хабарланған болатын. Төртінші сынып оқушысының мұндай әрекеті көңіл қуантқанымен, мектеп әкімшілігінің баланың өз еңбегімен жеткен жүлдесіне білім ордасына қажетті құрал-жабдық сатып алуы қоғамда қызу талқыланды. Көптің наразылығын тудырған жағдайдан кейін Білім және ғылым министрлігі мәлімдеме жасап, оқушының ақшасы өзіне қайтарылатынын айтты.
«Маңғыстаулық төртінші сынып оқушысы математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасында республикалық конкурста 1 миллион теңге ұтып алғаны қуантады. Дарынды балалардың әлеуетін көтермелеу, оларды қолдау өте маңызды. Оқушы жеңіп алған сыйақысын өзінің мектебіне интерактивті тақтаны сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның мейірімді жүрегі мен басқа да жағымды қасиеттерін көрсетеді. Бұл ретте интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс. Әрине, балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын қолдау керек. Дегенмен, бұл ондай жағдай емес. Маңғыстау облысы әкімдігінің Білім басқармасына зияткерлік конкурста жеңген ақшаны оқушыға қайтару және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қажетті құрал-жабдық сатып алу ұсынылды», — делінген Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Сондай-ақ, министрлік заң бойынша мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде екенін, жергілікті атқарушы органдар қажетті жабдықтарды сатып алу үшін бюджет қаражатын бөлетінін атап өтті.