CaspianLife, 7 желтоқсан – Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық топ екі адамнан құралған.
«Күдіктілер 2018-2021 жылдар аралығында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы тұрғын үйлерге ұрлыққа түсіп, бағалы бұйымдар мен тұрмыстық техникаларды қолды еткен. Тұрғындардың шағымына сәйкес, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 1994 және 1995 жылдары туған екі күдіктіні ұстады. Ұрылар алдын ала сөз байласу арқылы Құлсары қаласында орналасқан 23 тұрғын үйге пластик терезені ығыстыру арқылы кірген. Олардың тұрғын үйлерден құнды заттарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталды. Екі күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының талаптарына сәйкес, Жылыой аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тұрғын үйлерді тонағандар 23 жәбірленушіге 3 млн 328 мың теңгенің мүліктік залалын келтірілген.
«Жақында сот шешімімен күдіктілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Сотталушының бірі – 26 жастағы күдікті 3 жыл мерзімге, екіншісі – 27 жастағы күдікті 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.