CaspianLife, 3 қараша – Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласында 300 жұмыс орны бос тұр. Ақ халаттылардың жетіспеушілігі дәрігерлердің қызмет көрсету сапасына да әсер етуде.
Маман тапшылығы әсіресе облыс орталығы Ақтау қаласында сезіледі. Ал ауылдық жерлерге жас мамандар кәсіби өсудің мүмкіндігі болмауы себепті барғысы жоқ. Ауыл медицинасын дамытуға атсалысып жүрген бірен-саран жастардың бірі — Абылай Ермаханов. Ол жақында Батыр ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген. Осындағы жалғыз аумбулаторияда жұмыс істейді. Күндізгі стационар да, жедел-жәрдем де осы. Ауылдағы 17 мың тұрғынының денсаулығына 7-ақ дәрігер жауапты. Баспана үшін берілетін үстемақы қолыма тимеді, жұмыста қалар қалмасымды әлі ойланып жүрмін дейді жас маман.
Өзім отказ бердім. Ойланып жүрмін, пландарым бар да. 4 сағатта 17 адам қабылдауымыз керекпіз. Бірақ кейде 70 адам болып кетеді. Прием біткеннен кейін үйге кетіп қалмаймыз, участокқа шығамыз. Артығымен жасауға тырысып жатырмыз жас маман болған соң, — дейді Абылай Ермаханов.
Өңірде әсіресе анестезиолог-реаниматолог, эпидемиолог мамандар мен жалпы практика дәрігерлері жетіспейді. Ақтау қаласындағы жағдай да мәз емес. Қалалық емханалар мен ауруханаларда ине шаншар жер жоқ. Науқастар дәрігердің қабылдауын сағаттап күтуге мәжбүр екен.
Записьпен сол біз бір ай бұрын жазыламыз. Өзіміздің уақытымызда барған кезде басқа адамдарды қабылдап жатады. Ұзақ күтіп отырамыз. Кейде вообще кіре алмай қаламыз, — деп қынжылады Ақтау қаласының тұрғыны Әсия Қаналиева,
Өзге аймақтардан келген мамандар болса жекеменшік клиникаларда жұмыс істегенді жөн көреді. Жыл басынан бері мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне 127 дәрігер жұмысқа қабылданса да, тек Ақтау қаласының өзіне әлі 170 маман қажет. Әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үймен қамту, үстемақы секілді жеңілдіктер болғанымен, мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай тұр.
Ақтау қаласының жергілікті бюджеті есебінен 75-ке жуық мамандар интернатурада және резинтурада дайындалып жатыр. Ол мамандар дайындалып келгеннен кейін 5 жыл жұмыс жасап, өтейтін болады,-дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлімі жетекшісі Айгүл Телегенова.
Биыл дәрігер мамандығы бойынша ЖОО тәмамдаған 30 жастың тек алтауы ғана шалғай ауылдарға жұмысқа барған. Осыған орай, маман тапшылығын жою мақсатында биыл облыс әкімінің медициналық мамандықтарға бөлінетін білім гранты мектеп бітіруші 90 түлекке табысталды.