CaspianLife, 8 қыркүйек — Токио төрінде қарсыластарын артта қалдырып, ел қоржынына 3 күміс медаль салған параспортшыларға көлік пен пәтер кілті табысталды.
Нақтырақ айтқанда, парадзюдошылар Әнуар Сариев пен Дәулет Теміржан Toyota Camry 70 маркілі көлік иелері атанса, 70 келі салмақта күш сынасқан Зарина Байбатина Toyota RAV 4 маркілі көлікке ие болды. Сондай-ақ, облыс әкімі спортшылардың әрқайсысына 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Одан бөлек, Токио-2020 Паралимпиада ойындарына қатысқандардың бәріне 1 миллион теңгелік сертификат берді.
«Бұл қажырлы еңбек пен намыстың, өршіл рухтың жеңісі. Бұл берік сенім мен мемлекетшілдіктің жарқын үлгісінің жемісі. Ең бастысы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына айрықша тартуы деп білемін. Ержан Сәлімгереев пен Нұрлан Домбаевтың алғашқы қатысқан паралимпиадасынан 5-6 орын алғанның өзі айтулы жетістік. Әрбір атыраулық параспортшы алтын медальға лайық өнер көрсетті. Сіздердің әрқайсыңыз жеңімпазсыздар», — деді аймақ басшысы өз құттықтауында.
Ел туын Токио төрінде желбіреткен спортшылар көрсетілген құрмет пен ізетке ризашылық білдіріп, алғыстарын айтты.
«Токиода алған медалімді ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына, қазақ еліне арнаймын. Енді, алда Парижде өтетін олимпиадада күмісті алтынға айналдыруға тырысамын. Облыстық спорт басқармасына, әкімдікке, демеу көрсетіп жатқан барша жанға алғыс айтамын», — деді Әнуар Сариев.
Төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар да сый-сияпатсыз қалмады. Айта кетсек, парадзюдодан ҚР бас жаттықтырушысы Жандос Қияновқа 4 миллион теңге табысталды.