CaspianLife, 3 қыркүйек — Techno Trading LTD мұнай сервистік компаниясының қызметкерлері Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында ереуілге шықты. 27 тамыздан бастап 200-ге жуық қызметкер жұмысқа шығудан бас тартты. Олар жалақыны көтеруді және сыйлықақы төлеуді талап етуде.
«Біз жалақыны 300 мың теңгеге көтеруді, мұнайшы күніне, Тәуелсіздік күніне, наурызға 30 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 87 мың теңге) мөлшерінде сыйақы және санаторий-курорттық емге ақша төлеуді сұраймыз. Біз аз аламыз. Бізде ең төменгі жалақы – 80-90 мың теңге, оны еден жуушылар алады, операторлар 130-140 мың теңгеден алады», – дейді Techno Trading LTD қызметкері Айбек Тәжіғалиев.
Тәжіғалиевтің өзі бесінші разрядты оператор ретінде қолына 180 мың теңге алады. Жұмысшылар мұнай құбырларын қолмен тазалап, қолмен тасиды. Мұндай зиянды және ауыр жұмыс үшін алып отырған ақшалары тиынға тең деп санайды.
Techno Trading LTD өкілі Нұрсәуле Боранова сәуір айында қызметкерлердің жалақысы 15% — ға көтерілгенін айтты.
«Бізге тапсырыс беруші «Маңғыстаумұнайгаз» 2008 жылдан бастап тарифтерді көтермей отыр. Біз олардың тендер кезінде қойған бағасына келісеміз, әйтпесе нысандарсыз қаламыз. Біз 2015 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» компаниясына, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына, «Самұрық-Қазына» қорына хаттар жазып, бізді әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындар тізіміне қосуды сұрап келеміз. Бірақ жауап жоқ. Қазір хатта тағы да дәлелдер келтіреміз, құжаттар дайындаймыз, тарифтерді көтеру туралы өтінішпен келіссөздерге барамыз», – деді Боранова.
Techno Trading LTD «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әзірлеген Жетібай және Қаламқас кен орындарында мұнай өндіруге арналған жабдықтарды жөндеумен айналысады. Компаниядағы ең үлкен ереуіл 2016 жылдың наурыз–сәуір айларында болды. 2016 жылдың қазан айында облыс әкімдігі, жұмыс берушілер мен кәсіподақ үшжақты келісімге қол қойды, бірақ 2017 жылдың қаңтарында жұмысшылар аштық жариялап, шарттар орындалмады деп мәлімдеген болатын.
Жетібай кен орнында жалақыны көтеруді, ұжымдық еңбек шартын жасауды талап етіп отырған «WestOilSoftware» компаниясының жұмыскерлері де ереуілге шыққан болатын. Бұған дейін өңірде ИКБ «Си Бу» ЖШС кәсіпорнында татуластыру комиссиясының жұмысы аяқталып, қызметкерлердің жалақыны көтеру туралы талаптары қанағаттандырылды.