CaspianLife, 3 қыркүйек — Қазақстанда 7,9 миллион гектар немесе дәнді және дәнді бұршақ дақылдар алаңының 49,4% жиналды. Ең жоғары көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелген — 95,2%, бұл ретте Қызылорда облысындағы алаңдардан тек 14%-ы ғана жиналған. Бүгінгі таңда орташа өнімділік сегіз центнерді құрайды, сондай-ақ, 6,3 миллион тонна астық бастырылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 322 мың гектарға артып, 23 миллион гектарды құрады. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 16,1 миллион гектарға егіліп, олардың басым бөлігі бидай, жемшөп және майлы дақылдарға бөлінген.
«Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 16,1 миллион гектар (оның ішінде бидай – 12,9 миллион гектар), майлы дақылдар – 3,1 миллион гектар, көкөніс – бақша дақылдары мен картоп – 473,8 мың гектар, мақта – 109,7 мың гектар, қант қызылшасы — 21,7 мың гектар, жемшөп дақылдары — 3,2 миллион гектар», — деді баспасөз қызметі.
Егін жинау жұмыстарына 142 мыңға жуық трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 37 мың астық жинайтын комбайн және 13 мың дестелегіш тартылған. 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оның 44%-ы шаруаларға жөнелтіліпті.
«Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауытымен 156 теңге/литр (189 мың теңге/тонна) бағасын белгіледі, операторларды жеткізуді ескере отырып, өңірлерде орташа баға 177 теңге/литрді құрайды, бұл нарықтық бағадан 11% – ға арзан (ЖҚС-198 теңге/литр)», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.
Астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 миллион тоннаны құрайды, оның 12 миллион тоннасы астық қабылдау кәсіпорындарында және 16,8 миллион тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде.