CaspianLife, 19 тамыз — Коронавирусқа қарсы жаңа қазақстандық QazCoVac-P вакцинасының клиникалық сынақтарының бірінші кезеңі аяқталды. Бүгінгі таңда ол клиникалық сынақтардың екінші кезеңіне өтті, деп хабарлады Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» (БҚБ ҒЗИ) бас директоры Күнсұлу Закария.
QazCoVac-Р — SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген КВИ-ге қарсы суббірлікті вакцина. Бұл вакцинаның құрамында тек қажетті антигендер бар және вирустың басқа компоненттері жоқ, сондықтан бұл препараттан кейінгі жанама әсерлер аз болады.
«QazVac-пен қатар БҚБ ҒЗИ ғалымдары Qaz Covac-P екінші суббірлікті вакцинасын әзірледі, бүгінде препарат клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Қазіргі уақытта зерттеудің екінші кезеңінде. Сондай-ақ, зертханалық зерттеулерден өтетін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның басқа түрлері де әзірленуде», – деп атап өтті Күнсұлу Закария.
Оның айтуынша, отандық коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау қазақстандық ғылымның маңызды жетістігіне айналды. Ол QazVac алғашқы вакцинасы Қазақстанда белсенді қолданылатынын, ал жуырда қазақстандық препарат гуманитарлық көмек ретінде жіберілген Қырғызстанда тіркеліп, қолдануға рұқсат етілгенін еске салды.
«Бүгінде вакцина қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін қолданылуда. Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша вакцина гуманитарлық көмек ретінде Қырғызстанға жіберілді, онда ол сәтті тіркеліп, медициналық қолдануға рұқсат етілді. QazVac вакцинасына басқа елдер де қызығушылық тудырып отыр», — деп қосты БҚБ ҒЗИ бас директоры.
QazCoVac-P препаратының клиникалық сынақтары 15 маусымда Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында басталды. Оған 18-50 жас аралығындағы еріктілер қатысыпты.