CaspianLife, 02 тамыз — Атырауда қалалық емхананың екі қызметкері ұсталды. Олар жалған вакцинация паспорттарын 100 мың теңгеге – әр компонентті 50 мың теңгеден сатты деген күдікке ілінді.
Атырау облыстық полиция департаменті мен облыстық прокуратураның бірлескен операциясы барысында медбикелердің бірі азаматтарды иммундау туралы жалған ақпарат енгізгенін, ал екіншісі қолданылмаған дәрі-дәрмектерді төгіп тастағанын анықтады.
Медбикелерге қатысты «ақпаратты заңсыз жою немесе түрлендіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полиция жалған вакцинация паспорттарына тапсырыс берген адамдардың саны мен жеке басын анықтауда, сонымен қатар істің егжей-тегжейін тергеуде.
Еске салсақ, жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасағаны, дайындағаны немесе өткізгені үшін тіркелген құқық бұзушылықтар саны 2021 жылдың басында 9,1% — ға өсті. Мәселен, бүгін Семейде вакцинация паспортын кем дегенде 30 адамға сатқан екі медицина қызметкері ұсталды.