CaspianLife, 26 шілде — Индер ауданында жаңа әкім. «Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жергілікті активке ауданның жаңа басшысын таныстырды»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
ҚР Президентінің әкімшілігі, сондай-ақ аудандық мәслихаттың келісімімен Индер ауданының әкімі болып Салауат Өтеғұлұлы Өтеғұлов тағайындалды.
Ауданды 2 жылдан астам уақыт басқарған Мейірім Қалауи басқа жұмысқа ауысуына байланысты Индер ауданы әкімі лауазымынан босатылды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов осы аралықта ауданда біраз жұмыс жасалғанын атап өтіп, оған атқарған қызметі үшін ризашылығын білдірді.
Салауат Өтеғұлов 1984 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2006 жылы Орал қаласындағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында экономист, 2015 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық универститетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған.
2006-2007 жылдары облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқармасында бас маман болып еңбек жолын бастаған. 2007-2019 жылдар аралығында облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті, кейіннен басқармада бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
С.Өтеғұлов 2019 жылдың шілде айынан қазіргі уақытқа дейін Индер ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Ал Индерліктерден алғыс алып үлгерген Мейірім Қалауидің қандай лауазымға ауысатыны туралы ресми хабарланған жоқ. Десе де, бейресми ақпараттарға сүйенсек, Мейірім Қалауи жақында ғана Мәжіліс депутаты болған Нұрлыбек Ожаевтың орнына «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келмек.