CaspianLife, 13 шілде — Атырау облысында бүгінгі таңда инфекциялық стационарларда 806 адам COVID-19-дан ем алуда, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
13 шілдедегі мәлімет бойынша, өткен тәулікте өңірде коронавирустық инфекцияның 334 жаңа жағдайы тіркелген. Оның ішінде Атырау қаласында Covid-19 жұқтырудың 280 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 10 науқас анықталды. Сонымен қатар, Жылыой ауданында — 11, Индер ауданында — 6, Исатай ауданында — 2, Қызылқоға ауданында — 2, Құрманғазы ауданында — 17, Мақат ауданында — 4, Махамбет ауданында-2 адам анықталып отыр.
13 шілде күні таңертең Атырау облысы бойынша 1 080 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада — 188, екінші облыстық ауруханада — 150 пациент, фтизиопульманологиялық орталықта — 103, кардиоорталықта — 108, аудандық инфекциялық стационарларда – 188 науқас ем алуда. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 69 адам жатыр.
Кеше, 12 шілдеде онлайн брифинг барысында Атырау облыстық №2 аурухананың директоры Мағжан Сиджанов сол №2 аурухана мен модульдік аурухана 94% — ға толық екенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта Атырау облыстық №2 ауруханада 12 төсек, модульдік ауруханада 15 орын ғана қалды. Модульдік аурухананың жансақтау бөлімінде жиырма науқас бар, оның алтауы ӨЖЖ аппаратына қосылған. Атырау облыстық №2 аурухананың жансақтау бөлімінде 16 адам жатыр», — деді Мағжан Сиджанов.
Ол, сондай-ақ, модульдік ауруханадағы жұқпалы аурулар ауруханасында 61 жүкті әйел емделіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, басқа науқастармен бірге 11 босанған және 8 жаңа туған нәресте жатыр.
Брифингтің тағы бір спикері — Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев соңғы үш күнде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 46,8% — ға артқанын айтты.
«Егер 8 шілдеде 154 жағдай анықталса, 11 шілдеде 290 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соңғы аптада Атырауда сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты резервтен 330 инфекциялық төсек пайдалануға берілді. Осылайша, облыс бойынша инфекциялық төсектердің жалпы саны 2 428 бірлікті құрайды», — деп түсіндірді Асхан Байдувалиев.
Оның айтуынша, Атырау облысында 520 төсек-орынға арналған резервтік инфекциялық стационар, оның ішінде 20 реанимациялық орын әзірленді. Науқастар санының күрт өсуі жағдайында дәрігерлер облыстық ауруханада — 50 орындық, теміржол емханасында-120 орындық, Махамбет ауылында-150 орындық фтизиопульмонологияда, сондай-ақ 200 орындық жатақханалардың бірінде инфекциялық стационарларды орналастыруға дайын көрінеді.