CaspianLife, 23 маусым — Атырауға «Қамқорлық» республикалық қорының директоры Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында облыстағы ерекше балалардың білім алуы мен бейімделуі үшін жасалған жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, инклюзивті сыныптардың ерекше баланы қоғамға бейімдеуге тигізер пайдасы көп.
Атырау қаласында ерекше балаларға арналған 5 инклюзивті сынып ашылған болса, оның екеуі «Қамқорлық» қорының қолдауымен жұмысын бастапты. Білім ордаларындағы арнайы сыныптарда арнайы оқу бағдарламасы негізінде түрлі сырқатқа шалдыққан балалар білім алады.
Сонымен қатар, облыста ерекше балаларға арналған мамандандырылған балабақша жұмыс істейді. Онда 120 бала арнайы бағдарламалар негізінде дамып, білім алады. Оған қоса, шаһардағы 5 балабақшада ерекше балаларға арналған топтар жасақталған. Қаладағы 62 мектептің барлығында ерекше білім беруді қажет ететін балалар бар. Мамандардың айтуынша, жақын арада тағы да 2 инклюзивті кабинет ашу жоспарланып отыр.
Дариға Назарбаева қаладағы «Маленькая страна» қоғамдық қорының да жағдайымен танысты. Балаларды оңалту бағытында жұмыс істейтін орталықта түрлі ем-дом жүргізіледі. Бүгінде онда 15-тен аса ит пен 20 жылқы балаларды емдеу үшін пайдаланылады. Қор жетекшісі Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, маман тапшылығы мен қаржыландыру мәселесі әлі түбегейлі шешілмей тұр. Қазір мұнда тек 20 бала ем қабылдауда. Өз кезегінде Дариға Назарбаева қорға қолдау көрсетемін деп уәде берді.
Білім беру мекемелерінің жұмысымен танысқан Дариға Назарбаева қаладағы ең үздік мектептердің бірінде болып, технология, биология, физика және математика салаларындағы инновациялармен танысты. Білім Инновация лицейінің оқушылары онлайн білім берудің сапасын арттыру мақсатында өз ұсыныстарын ортаға салды. Және жоспарларымен бөлісті. Оқушылармен кездескен қонақ шәкірттердің жетістіктерін ерекше атап өтіп, бастамаларына сәттілік тіледі.