CaspianLife, 18 маусым — «Сіз бөлшек сауда бағалары туралы бұйрыққа қол қойдыңыз, бірақ ол жұмыс істемейтін секілді. Бағалар тұрақтанады деп уәде бере аласыз ба?». Дәл осы сұрақтар Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке қойылды.
Облыс басшысы бағаның реттелуін қадағалап отырғанын айтты. Оған 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. «ИДЕАЛ» сауда желісімен, айналым қорымен 500 млн теңгеге шарт жасасқан. Яғни, олар ет-сүт өнімдерін, нан, күнбағыс майы, сары майды базардан 10-15%-ға төмен сатады. Мұндай баға 36 сауда нүктесінде қойылған.
«Көкөністерге келер болса. Біз тұрақтандыру қорын құрдық, ол күзде толық болды. 350 тонна картоп. Оны сақтау мерзімі-6 ай. Сәуір айына дейін біз бағаның өсуіне жол бермей келдік. Қазір маусымаралық кезең. Сол себепті де картоп, сәбіз бағасы өсті. Бүгінде Ресей Федерациясының оңтүстік аймақтарынан, көрші облыстарынан картоп әкелу шаралары қабылдануда. Соның нәтижесінде картоп бағасы арзандады. Егер бір апта бұрын шамамен 400 теңге болса, қазір бөлшек саудада шамамен 310 теңге. Сәбіз де төмендейді деп күтілуде. Маусым айының соңында — шілде айының басында біз өз өнімімізді күтеміз. Кейбір шаруашылықтармен төмен бағада жеткізу туралы келісімдер бар. Ол үшін біз 200 млн теңге айналым қаражатын бөлдік. Яғни, реттеу жұмыстарын жүргізілуде. Біз жергілікті халықты өзімізден 44% картоппен ғана қамтамасыз ете аламыз, себебі бізде егін егетін алаңдар жоқ. Табиғи-климаттық жағдайларға, өндіріс мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты Атырауда көптеген өнім, өкінішке орай, сырттан әкелінеді. Сондықтан, бағалар барлық жерде өскен кезде, біз оларды бірден төмендете алмаймыз. Ондай болса сауда саласы құлдырап кетеді», — деп жауап берді әкім.