CaspianLife, 10 маусым — Атырау облысында соңғы бес айда 68 нәресте шетінеген. Ал, бұл көрсеткіш өткен жылы 184-ті көрсетті. Мұны Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сандарға қарап-ақ, өңірде бала өлімінің азаймай отырғандығын көруге болады. Бұл жағынан Атырау облысы республикада 3-ші орында тұр. Осыған байланысты аймаққа іссапармен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінен құралған мониторингтік топ келді. Құрамында елімізге белгілі профессорлар мен сарапшылар және денсаулық сақтау министрілігінің білікті мамандары бар топ 3 күн бойы өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Нышангүл Божбанбаеваның айтуынша, нәресте өліміне басты себептердің бірі — оның шала туылуы.
Нышангүл Божбанбаеваның сөзінше, аймақтағы медициналық мекемелердің материалдық жағдайы жақсарғанмен, микробтарды дер кезінде анықтап, науқасқа ем-дом белгілеу үшін қажет бактериологиялық жабдықтар жетіспейді.
Мониторинг топ мүшелері Мақат, Қызылқоға және Жылыой аудандарында болып, ондағы жағдаймен де танысып қайтты. Ал Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы кем-кетіктін бар екенін мойындап, мәселелерді шешеміз деп отыр.
«Иә, өңірімізде осы ана мен бала денсаулығына қатысты шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірі – маман тапшылығы. Мұны денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп шешпекпіз. Екінші проблема — балалар мен жүкті әйелдерге жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін ауруханаларымыз бен емханаларды соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету. Медицина бір орында тұрмайды, күн сайын дамып жатыр. Өкінішке қарай, біздің дәрігерлер сәл артта қалды десек болады. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында үш деңгейден тұратын курстар өткіземіз деп отырмыз. Бұл денсаулық сақтау министрілігі және жергілікті атқарушы биліктің күшімен жүзеге асады», — деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманова.
Облыстық басқарма дәрігерлермен қоса қатардағы медбикелердің де білімін арттырамыз деп отыр.