CaspianLife, 10 маусым — Бұл туралы әлеуметтік желілерде танымал қазақстандық экобелсенді Сәкен Ділдахмет жазды. Оның айтуынша, өлі барыстың бейнесі кеше, 9 маусымда пайда болған.
«Бұл аймақтағы екінші жағдай. Бұрын, 2015 жылы Жаңаөзенде жергілікті тұрғындар қолынан өлген леопард табылған болатын. Одан кейін 2018 жылы тағы бір Барыстың Үстірт қорығына кіру фактісі тіркелді. 2021 жылы Барыс (алдыңғы азиялық түр) Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. Өкінішке орай, бұл Маңғыстау облысындағы екінші факт. Егер аң адамның қолынан қаза тапқан болса, онда құқық қорғау органдары кінәлі адамның жеке басын анықтау үшін барлық шараларды қабылдауы керек», — деп жазады Сәкен Ділдахмет өз парақшасында.
Бұл жағдайға байланысты ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде түсініктеме берілді. Министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева жазғандай, маңғыстаулық барыстың қаза болу себептерін анықтау үшін оқиға орнына мамандар жіберілген. Өлі барысты жергілікті тұрғындар кеше түнде, яғни, 9 маусымда, сағат 22.00-де «Манашы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағындағы «Күйкентау» жерінен тапқаны анықталды. Бұл туралы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшылығы хабарлады.
Мән-жайды анықтау үшін барыстың қаза болған жеріне «Қызылсай» мемлекеттік аймақтық табиғи парк инспекторларынан, Маңғыстау, Бейнеу ауданының полиция қызметкерлерінен, мал дәрігерлерінен арнайы топ шықты. Бұл жер Ақтаудан шамамен 300-350 км қашықтықта орналасқан. Қосымша ақпарат жағдайлар анықталғаннан кейін беріледі.
Сондай — ақ, алдыңғы азиялық барыс әлемдегі ең үлкен барыс түрлерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны мыңнан аз-ақ асады. Қазақстанда ол Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында ғана кездеседі.
Алдыңғы азиялық барыстардың көпшілігі Иранда (шамамен 550-850), Ауғанстанда (200-300), Түркіменстанда (90-100) мекен етеді. Әзірбайжанда, Арменияда, Таулы Қарабақта, Грузия мен Түркияда да аз мөлшері кездеседі.
Самал Ибраева атап өткендей, маңғыстаулық леопард (алдыңғы азиялық) 2018 жылдан бастап «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының аумағындағы жасырын камераларға бірнеше рет түскен.