CaspianLife, 1 маусым — 2021 жылғы футболдан Америка Кубогы Аргентина емес, Бразилияда өтетін болды. Мұндай шешімді Оңтүстік Америкалық футбол конфедерациясы (CONMEBOL) қабылдады.
Турнир жоспарлаған уақыттан сәл ертерек, яңғни 11 маусым мен 10 шілде аралығында өткізілмекші. Ал ойындар өтетін стадиондар әзірге анықтала қойған жоқ.
«Америка Кубогы Бразилияда өтсе, миллиондаған адам қуанып қалар еді», дейді Оңтүстік Америка футбол одағы. Соған орай, ұйым Бразилия президенті Жаир Болсанару мен оның командасына алғыс білдірді. Бұл жерде барлық жауапкершілікті мойнына алуға дайын болған сол елдің футбол одағын да ерекше атап өтті.
Осыған дейін Америка Кубогы Колумбия және Аргентинада өтуі керек болған еді. Құрлықтық футбол одағы Аргентинадан коронавирус жағдайына байланысты бас тартса, Колумбиядағы жаппай митинг жан шошытқан.
Дегенмен Бразилияда да билікке қарсы наразылық толастар емес. Рио де Жанейро көшелеріне шыққан мыңдаған халық пандемиямен күресте түк бітіре алмай отырған Жаир Болсонарудың орнынан кетуін талап етуде.