Батыс Қазақстан облысында жол апатына ұшыраған екі көліктен 24 қап балық табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 11 ақпан күні Орал-Атырау жолы бойында Ақжайық ауданы аумағында болды. Жол жүру ережесін сақтамаған жүргізушілер рульге ие бола алмай, «Тойота Прадо» және «LEXUS LX 470» көліктерінің жол жиегіне аударылып қалуына жол берген. Жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері екі автокөліктің салонынан тиісті құжаттары жоқ 24 қап қара балықтарды тапты. Балықтың нақты салмағы сараптамадан кейін белгілі болады. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 196-бабына (көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.