«Жер шеруіне» қатысқаны үшін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев жақында бостандыққа шығады. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
Бұдан басқа, 19 қаңтарда сағат 15.30-да №2 Атырау қалалық сотында Макс Боқаевқа қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы сот отырысы жоспарланған.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 171-бабына сәйкес, «әкімшілік қадағалау қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары үшін, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшiн жазасын өтеген адамдарға белгіленеді».
Сот әкімшілік қадағалау мерзімін 6 айдан 2 жылға дейін тағайындай алады. Осы кезеңде адам пробация қызметіне ай сайын белгіленіп тұруы керек, түнде үйінен шықпауы, қаладан және елден кетпеуі керек. Сонымен қатар, бірқатар шектеулер бар, олар бұзылса, нақты бас бостандығынан айыруы мүмкін.
— Әкімшілік қадағалау босатылған террористер мен педофилдерді бақылауға арналған. Максқа қатысты мұндағы жалғыз мақсат — оның қоғамдық қызметіне бақылау жасау, — дейді Талғат Аян.
Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 28 қыркүйекте Макс Атыраудағы ерлер колониясына ауыстырылды, ол бұған дейін Ақтөбе облысындағы колонияда болды.