Тәуелсіздік күні қарсаңында Индер ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Өткен ғасырдың 1972 жылы салынған ескі су тазарту қондырғысы қайта жаңғыртудан өтті. Кешен толық қуатында іске қосылғанда тәулігіне 1800 текше метр су айдауға мүмкіндік бар. Мемлекеттік «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңарған кешенді алдын-ала тексерістен өткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы да бөлінген. Жалпы, ауданда осыдан он жыл бұрын жаңадан су тазарту қондырғысы салынған еді. Енді жаңа кешен қосымша жұмыс істеп, су тапшылығын болдырмауға толық мүмкіндік бермекші.
Шалқар АЛЬМУРЗИЕВ, «Индер Су» КМК директоры
Индербор кентіндегі су тазарту қондырғысында күрделі жұмыстар аяқталып, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен қолданысқа берілгелі жатыр. Алдағы уақытта сынақ мерзімдері аяқталғаннан кейін Индербор халқын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз.
Бірнеше мамандық бойынша білім беретін Индер көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінің ұжымы мен студенттер қауымы жатақхана тапшылығын көріп келген еді. Құрылысы өткен жылы басталған 100 орындық жатақхананың жалпы ауданы 1914 шаршы метр болады. Төрт қабатты ғимаратта 2 кісілік 12 бөлме, 3 кісілік 15 бөлме, 4 адамға арналған 4 жатын бөлме бар. Барлығында қажетті жиһаздар орналастырылған. Әр бөлмеге жуынатын бөлме мен әжетхана қарастырылған. Сонымен қатар, студенттер үшін асхана және кір жуатын бөлек орын да дайын.
Зүбаржат ДӘУЛЕТ, колледж студенті
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Жанама ауылынанмын. Жанама ауылында орта мектептен білім алып, кейін Индер көпбейінді ауылшаруашылығы колледжіне білім алуға келдім. Бізге оқу барысында тұрғын үйдің болмауы, жатаханамыздың болмауы қиындық тудырды. Жатақхананың ашылуы бізге үлкен қуаныш сыйлады. Осы колледжде оқитын жастарға өте қолайлы. Заман талабына сай жасақталған. Тамаша ғимаратты салып беріп отырған үкіметімізге алғысымызды білдіреміз.
Аудан орталығынан 40 км қашықтықта орналасқан Қызылжар,Ақтан елдімекендері осы күнге дейін жол азабын тартып келген еді. Осы мәселеге атқарушы билік жіті назар аударып, жол құрылысы өткен жазда басталғанды.
Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының нәтижесінде қазынадан бөлінген 310 млн теңгеге ауылдың ішкі және кірме жолдары салынды.
Сағынтай МҰҚАН, ауыл тұрғыны
Ақтан-Қызылжар ауылы халықтарының көптен күткен қуанышты күні. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жолды тапсырып жатқан округ, аудан әкіміне осы ауыл тұрғындары атынан көп-көп рахмет айтамын. Бұдан ары қарай да еңбектеріңіз табысты болсын. Қазақ еліне айтар тілегіміз — Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, келер жылы да жолдарды жаңғырту жұмыстарының аясында аудандағы Өрлік ауылдық округі мен Индербор кентінің бірқатар көшелері жөндеуден өткізілетін көрінеді.